Қазақстанда қандай мамандар ең көп жалақы алады?
Былтыр Электрондық еңбек биржасы порталында жарияланған вакансиялар мен түйіндемелерге жасалған талдау нәтижесінде Қазақстанда қандай мамандарға сұраныс жоғары екені анықталды.
Коллаж: ЖИ
Ұсыныс сұраныстан асып түсті
2025 жылы Enbek.kz порталында 1 млн 328 мың бос жұмыс орны, 1 млн 453,8 мың түйіндеме жарияланған. Яғни жұмыс іздеушілер тарапынан ұсыныс жарияланған сұраныстан 125,8 мыңға асып түсті.
Жарияланған бос жұмыс орындарының жартысы (665,5 мың) – жұмысшы мамандықтарына тиесілі. Порталдағы түйіндемелердің 48%-ы (697,2 мың) осы мамандықтар бойынша орналастырылған.
Жұмыс іздеушілер қай кезде көбейді?
Жұмыс іздеушілердің белсенділігі наурызда ең төменгі шекке дейін (94,6 мың) төмендеп, одан әрі сәуір–маусым айларында (115 мың – 109,8 мың) қайта өскен және шілдеде түйіндемелер саны ең жоғарғы шектік көрсеткішке жетіп, 148 мың түйіндеме тіркелді. Жылдың екінші жартысында жұмыс іздеушілер саны біртіндеп азайып, қарашада 101,3 мыңға, желтоқсанда 71,5 мыңға дейін төмендеген.
Қай салаларда жұмыс көп?
Бос жұмыс орындарын ең көп ұсынған салалар:
· білім беру: 380,6 мың вакансия (28,7%).
· «өзге де қызмет түрлері» (175,4 мың, 13,2%)
· денсаулық сақтау саласы (117,4 мың, 8,8%).
· ауыл шаруашылығы (88,1 мың),
· өңдеу өнеркәсібі (84 мың),
· мемлекеттік басқару (81,2 мың),
· құрылыс (64,8 мың),
· ақпарат және байланыс (60,5 мың).
Қай өңірлер көшбасшы?
Өңірлік бөліністе вакансияларды ең белсенді орналастырған жұмыс берушілер:
Астана қаласынан – 118,2 мың,
Түркістан облысынан – 96,7 мың,
Алматы қаласынан – 92 мың.
Алайда сұраныс пен ұсыныстың өңірлік көрінісі біркелкі емес, бұл көп жағдайда демографиялық және көші-қон факторларымен байланысты дейді мамандар. Солтүстік және шығыс өңірлерде орналастырылған бос жұмыс орындарының санына шаққанда түйіндемелер тапшылығы байқалған: Павлодар облысында (83 мың бос жұмыс орнына 50 мың түйіндеме), Солтүстік Қазақстан облысында (47,3 мың бос жұмыс орнына 26,5 мың түйіндеме), Шығыс Қазақстан облысында (76,7 мың бос жұмыс орнына 42,1 мың түйіндеме) және Ұлытау облысында (19,5 мың бос жұмыс орнына 14,1 мың түйіндеме).
Елдің оңтүстігінде, керісінше, түйіндемелер саны бос жұмыс орындарынан айтарлықтай артық болған: Қызылорда облысында (35,7 мың бос жұмыс орнына 92 мың түйіндеме), Түркістан облысында (96,7 мың бос жұмыс орнына 184,4 мың түйіндеме), Шымкент қ. (43,1 мың бос жұмыс орны және 102,6 мың түйіндеме), сондай-ақ Маңғыстау облысында (31,1 мың бос жұмыс орны, 75,6 мың түйіндеме).
Сұранысқа ие мамандықтар
Жыл бойы ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар қатарында медбикелер мен мейіргерлер (21,7 мың бос орын, ұсынылатын жалақысы 143–178 мың теңге), тәрбиешілер (21,2 мың, жалақысы 139–182 мың теңге), автокөлік жүргізушілері (20 мың бос орын, жалақысы 151–195 мың теңге) және санитарлар (19,6 мың бос орын, жалақысы 110–133 мың теңге) болды.
Үміткерлер тарапынан ең көп түйіндеме бухгалтер лауазымына (25,1 мың түйіндеме, күтілетін орташа жалақысы 308 мың теңге), автокөлік жүргізушісі мамандығына (23,6 мың түйіндеме – 250 мың теңге), тәрбиеші қызметіне (22,1 мың түйіндеме – 199 мың теңге), сондай-ақ заңгер лауазымына (19,1 мың түйіндеме, орташа күтілетін жалақысы 294 мың теңге) орналастырылды.
Ең жоғары жалақы кімге төленеді?
2025 жылы жұмыс берушілер тарапынан ұсынылған ең жоғары жалақылар:
флоттағы штурман лауазымына үміткерлерге – айына 875–900 мың теңге аралығында,
тау-кен өнеркәсібінде учаске бастығының орынбасарына – 714 мың теңгеден жоғары,
бұрғылау қондырғыларының машинистеріне – 700 мың теңгеден жоғары.
Ал үміткерлер арасында түйіндемелерде көрсетілген ең жоғары орташа жалақы пилоттарда – 1,9 млн теңге, тау-кен саласындағы қызмет басшыларының орынбасарларында – 1,2 млн теңге және кеме капитандарында – 1,1 млн теңге болды.
Рекрутерден кеңес
Еске салайық, бұдан бұрын Masa.media редакциясы мансаптық кеңесші әрі жаһандық рекрутер Әсем Сағынбаевамен сұхбаттасқан. Ол жас мамандарға 2026 жылы жұмысты қалай іздеу керегін және сұраныста болу жолдарын айтып берді.
Әсем Сағынбаеваның айтуынша, түйіндеме жазу барысында үміткерге өзі туралы деректің бәрін тізіп шығудың қажеті жоқ. Ең бастысы –жұмыс берушіге сіздің қандай пайда әкелетініңізді ұғындыру. Неғұрлым нақты болса, соғұрлым жақсы.
«Ең ұтымдысы – қысқа әрі нұсқа ақпарат. Жалпылама сөздердің орнына нақты дерек беру. Тәжірибе аз болса да, сандар, нәтиже, мысалдар қажет. Ең жиі кездесетін қате – түйіндемеде «міндеттер туралы» жазу. Бұл жұмыс берушіге қызық емес. Оған сіздің не істегеніңіз, нені үйренгеніңіз, қандай нәтиже бергеніңіз маңызды», – дейді маман.
10:56
94
0
Facebook
Vkontakte
Telegram
Whatsapp
Нет комментариев.